Жаңалықтар тізбегі
0

ІІМ полицейлер мен әскери қызметкерлерге жасалған шабуыл фактілерін тарқатып айтты

Қаңтар оқиғалары, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.02.2022 22:42 Сурет: Zakon.kz
Мүліктік сипаттағы қылмыстармен қатар, қаңтардағы оқиғалар кезінде адамдардың қаза болуы мен жаралану фактілері де тергеліп жатыр, деп мәлімдеді арнайы брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов, деп хабарлайды Zakon.kz
Ішкі істер министрлігі елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қаңтар оқиғасын тергеу жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 565 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 271 адам күзетпен ұсталуда. Ұстау және бұлтартпау шарасын таңдау туралы барлық шешімдер қылмыстық процесс талаптарына сәйкес әрі міндетті түрде прокуратурамен келісу және сот санкциясымен қабылдануда. Санжар Әділов

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, қаңтар оқиғалары барысында 1 726 адам, оның ішінде 673-і оқ-дәрі жарақаттармен, 469-ы пышақталған және тесілген жарақаттармен, 431-і дене жарақаттарымен медициналық көмекке жүгінген.

Медициналық көмекке жүгінген азаматтардың басым бөлігі Алматы қаласында – 686, Алматы облысында – 336, Қызылорда облысында – 164, Жамбыл облысында – 153, Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында 126 адам.

ІІМ өкілі бұл мәліметтер тек азаматтық тұлғаларға қатысты екендігін айтады.

Олардың бірқатары жарақаттарды мемлекеттік мекемелер нысандарына және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен қызметкерлерге шабуыл жасау уақытында алғаны күмәнсіз. Негізінен оны бейнежазбалар дәлелдейді. Басқа жағдайлар кезінде дене жарақаттарын алудың мән-жайларын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Санжар Әділов

Ол тәртіпсіздіктер барысында 3 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлері және әскери қызметшілер әртүрлі дене жарақаттарын алғанын еске салды.

Оның ішінде атыс және пышақтау жарақаттары, сондай-ақ басқа да ауыр зардаптар бар. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде жаппай тәртіпсіздіктер барысында ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші емделуде.

Олардың бір бөлігі осы уақытқа дейін жан сақтау бөлімінде. Өкінішке орай олар ары қарай жұмыс жасай алмайды, іс жүзінде мүгедек болып қалды. Полиция қызметкерлері мен әскерилерді қатыгездікпен ұрып-соғудың, сондай-ақ әкімшілік және өзге ғимараттарға шабуыл жасаудың кадрлары әлеуметтік желілерде жеткілікті мөлшерде бар. Олардың көпшілігін тәртіпсіздіктерге қатысушылардың өздері таратты. Санжар Әділов

Оның айтуынша, басқа мәліметтермен қатар осы бейнежазбалар бойынша қылмыстық шабуылдарға қатысқан адамдар анықталуда.

Әділов Атырауда қаланың орталық көшелерінің бірінде 5 қаңтарда облыстық әкімдік ғимаратын қорғауға тартылған полиция қызметкерлерін топ болып қатыгездікпен ұрып-соғу бойынша осы қаланың екі тұрғыны ұсталғанын мысалға келтірді.

Бейнеде көрініп тұрғандай, шабуылдаушылар бір қызметкерді жерге жатқызып, оны теуіп, таяқпен ұрған. Екіншісін аяқпен, қолмен, сондай-ақ каскамен басынан ұрып, ауыр зақым келтірген. Сол қалада тәртіпсіздікке қатысушылар жедел жәрдем автомашинасын бұғаттап, ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жарақаттанған полиция қызметкерлерін қайта ұрып-соққан. Осы фактілер бойынша Атырау қаласының төрт тұрғыны анықталды, олар соттың санкциясынан қамауға алынды. Санжар Әділов

Сондай-ақ ол Қызылордада 5 қаңтарда әскерилерден тартып алынған «Камаз» арнайы автомашинасын қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен қызметкерлер тізбегін басып өтуге бағыттаған осы қаланың тұрғыны ұсталғанын жеткізді. Көлік басып кетіп, Ұлттық ұланның 19 жасар әскери қызметшісі оқиға орнында көз жұмды.

Ата-анасы жалғыз ұлынан айрылды, тірі күнінде ол бағдарлама жасаумен айналысушы еді және философиямен әуестенген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқыды. Өмірге үлкен жоспарлар жасап, ІТ-маман болуды армандаған еді. Сол күні осы қаланың тағы бір шабуылшысы әскерилерден басқа «Камаз» автомашинасын тартып алып, жедел басқару орталығының жұмысына кедергі жасау мақсатында электр бағанын қасақана соғып, бейнебақылау камераларын істен шығарды. Одан соң Жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алу мақсатында қоршаудың қақпасын соқты. Екі оқиға бойынша да күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды, бейнежазбалар олардың кінәсін дәлелдейді. Санжар Әділов

Оның айтуынша, осыған ұқсас фактілер еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе Алматыда орын алды. Мысалы, осы қалада жаппай тәртіпсіздіктер барысында қызметкерлерге дене жарақаттарын келтіру үшін металл кесінділерін әзірлеп, қаланың көшелерінде «Газель» автомашинасымен жүріп, оларды наразылық білдірушілерге таратқан алты адам ұсталды.

Департамент басшысы бұл арада "гибридтік шабуыл" технологиясы қолданылғанын, ал ойластырылған жоспарға сәйкес, бейбіт митингі ұйымдастырып, соның аясында қалаға ұрыс топтарын кіргізу әрі "ұрымтал сәтті күтіп жатқан ұяшықтарды" ояту енгенін атап өтті.

Бұл – билікті ашық түрде қарулы жолмен басып алу әрекеті, мұны бір уақытта аумақтардағы мемлекеттік биліктің нышаны болып табылатын көптеген қала әкімшілігі мен полиция ғимараттарына жасалған шабуылдар мен басып алулар дәлелдей алады. Санжар Әділов

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: