Көлік ұрлап қашқан Ақмола тұрғыны жол апатына ұшырады

Апат салдарынан ВАЗ-21100 автокөлігі кюветке құлап кетіп, бірнеше рет аударылған. Жүргізуші көліктен шығып, оқиға орнынан кетіп қалған.
25 жастағы жігіт түрлі жарақаттармен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Сараптама тағайындалды.
Ер адамның басқа біреудің көлігін басқарғаны белгілі болды. Сол күні полицияға Жалтыр ауылының 46 жастағы тұрғынынан үйінің жанында тұрған анасының көлігін танысы ұрлап кеткені туралы арыз түсті. Арызданушы анасының көлігімен танысының үйіне келген. Ол үйге кіргенде кілт көлікте қалған. Қаскөй осы ұрымтал сәтті пайдаланған.

Сурет: polisia.kz
Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі - “Автокөлікті заңсыз иемдену” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Қазіргі уақытта 25 жастағы ауыл тұрғыны ауруханада жатыр.