Полицейлер жоғалып кеткен 9 жасар алматылық оқушыны қалай тапқандарын айтып берді
Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің инспекторы Алмас Құрақбаевтың айтуынша, баланы іздестіру жұмыстарына Түріксіб аудандық ПБ-ның жеке құрамы, Алматы гарнизоны мен еріктілер жұмылдырылды.
Оларға 7 желтоқсанда сағат 09:00 шамасында 9 жасар Айшаның жоғалғаны туралы хабар келіп түскен. Күндіз қыз табылмаған. Ал олардың ауысым сағат 16:00-де аяқталған. Бірақ соған қарамастан ол және оның өзге де әріптестері жұмыста қалып, баланы іздеуді жалғастырған.
Мен – үш баланың әкесімін. Қыздарымның бірі – Айшамен құрдас. Мені Айшаның тағдыры қатты алаңдатты. Бүкіл гарнизон, Алматы қаласының барлық тұрғындары қыз үшін алаңдады, – дейді ол.
Тәртіп сақшысының айтуынша, бейнебақылау жүйелерінің арқасында қыздың троллейбусқа мінгенін анықтау мүмкін болды.
Жүргізушінің нөмірін троллейбус паркінің диспетчерінен сұрадық, оған телефон соқтық, ол Айшаның троллейбуста екендігін растады. Бұл туралы дереу ЖБО-ның кезекшісіне хабарладық. Еріктілермен бірге Байтұрсынов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында троллейбусты қуып жеттік. Айша ішінде болды. Мен оны көтеріп, патрульдік көлікке отырғызып, полиция басқармасына апарып, ата-анасына тапсырдым. Құдайға шүкір, ол аман-есен табылды, – деді полиция қызметкері Құрақбаев.
Айта кетсек, 6 желтоқсанда 9 жасар оқушы қыз Айша Тимур із-түссіз жоғалып кеткен. Кейін ол аман-есен табылды.