Мәсімовтің ісі прокурорға кері қайтарылды
Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдалымы 2023 жылы 6 қаңтарда Павлодар облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Соттың баспасөз баянында алдын ала сот тыңдалымы барысында "аталған істе қылмыстық іс жүргізу заңнамасына қатысты елеулі бұзушылықтар орын алғаны, атап айтқанда, қылмысқа қатыстылардың арасындағы рөлдерді ажыратып, сипаттауға келгенде, яки орындаушы мен ұйымдастырушының рөлі нақты көрсетілмегенінің" анықталғаны айтылады.
М., С. және Е-нің құжатта қандай қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке зиян келтірілгені анық көрсетілмеген.
Сондай-ақ, айыптау актісінде ұрлықтың қандай сомаға жасалғаны және келтірілген залал көлемі де белгісіз.
Жоғарыда аталған бұзушылықтар басты сот талқысын тағайындауға кедергі келтірді.
ҚІЖК-нің 323-бабына сәйкес, қылмыстық іс басты сот талқысын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасына қатысты елеулі бұзушылықтарды жою үшін Павлодар облысының прокурорына қайтарылды. Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі
2022 жылдың 22 сәуірінде Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оған іздеу жарияланды.
3 маусымда Антикор Нұрлан Мәсімовтің орналасқан жері туралы ақпарат жеткізушіге 12 млн теңге көлемінде сыйақы берілетінін мәлімдеді.
13 шілдеде Нұрлан Мәсімов жалған құжаттары арқылы Ресеймен арадағы мемлекеттік шекарадан өтпек болған кезде Шығыс Қазақстан облысының аумағында ұсталды.