СҚО-да 24 жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара өткен уақытта жол жүрісі қағидаларының жалпы 1685 түрлі бұзушылығы анықталды. Ең жиі жасалған бұзушылық – қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, мұндай 178 факті анықталды. Бұдан бөлек, 117 жүргізуші көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланды, 112-сі жылдамдықты арттырды, 31-і маневр жасау ережелерін бұзып, 21-і бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтті.
"Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында полицейлер құжаттарын тексеру мақсатында 20 жастағы жергілікті тұрғын басқарып келе жатқан Mazda автокөлігін тоқтатты. Алкогольдің иісі білінбеді, бірақ жас жігіттің сырт келбеті мен іс-қимылы күмәнді көрінді. Тәртіп сақшылары оған медициналық тексеруден өтуді ұсынды. Күдік расталды".СҚО ПД баспасөз қызметі
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, жігіт есірткіге мас болған.
"Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды. Баппен 15 тәулік әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру көзделген".СҚО ПД баспасөз қызметі
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматовтың сөзінше, СҚО жолдарындағы апаттылыққа жасалған талдау 2022 жылы мас жүргізушілердің кінәсінен жасалған жол-көлік оқиғаларының саны 2021 жылмен салыстырғанда 20 %-ға азайғанын көрсетті.
"Десе де, солтүстікқазақстандықтар әлі де көлік тізгініне алкогольдік ішімдіктер ішіп отыруды тыятын емес. Мұндай жағдайлардың әрқайсысы қайғылы жағдайларға апарып соғуы мүмкін. Олар айналадағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Өткен жылы облыста 845, ал жақында өткен жедел-профилактикалық іс-шара барысында 24 мас жүргізуші ұсталды".Айдын Байматов