Инкассатор ісі: Прокурор сотталушыға 18 жыл жаза тағайындауды сұрады
Кезекті сот процесі қорғаушы тараптың өтінішін қараудан басталды. Сотталушының адвокаты бірқатар дәлелдемелерді жарамсыз деп тануды сұрады. Өз кезегінде прокурор оларды жоққа шығарып, келтірілген дәлелдерді осал деп атады.
Жарыссөз барысында сот қасақана кісі өлтірді дегенді мойындамаған сотталушыны да тыңдады.
"Мен орын алған оқиға үшін қатты өкінемін және марқұмның туыстарына көңіл айтамын. Егер сот жәбірленушінің мен атқан оқтан қаза тапты деп шешсе, онда абайсызда кісі өлтіріп алғанымды мойындаймын және бұл үшін жауап беруге дайынмын". Сотталушы Ілияс Байдуалиев
Сондай-ақ, прокурор сотталушыға қатысты мүлкін тәркілеуге жатқызбай, оның әрекеттерінде ауырлататын және жеңілдететін мән-жай белгілері жоқтығын ескере отырып, қасақана кісі өлтіргені үшін 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Оның үстіне жәбірленуші тарап ұсынған азаматтық талаптарды қанағаттандыруды сұрады.
Өз кезегінде қорғаушы соттан сотталушының іс-әрекетін "Абайсызда кісі өліміне әкеліп соқтыру" (ҚР ҚК 104-бабы) деп қайта саралауды сұрайды.
Келесі сот отырысында жарыссөз аяқталғаннан кейін тараптар өз қорытындысын айтады, ал сотталушыға соңғы сөз беріледі.
Бұған дейін жәбірленуші тарап 100 млн теңгеден астам өтемақы сұрағаны хабарланған болатын