Қарағандылық әйел патрульдік көлікте босанды
Медет Төлегеновтың айтуынша, ол серіктесімен үйдің кіреберісінде тұрғанда оларға ер адам жақындап, көмек сұраған.
"Ер адам жүкті әйелін арнайы көлікпен фельдшерлік-акушерлік пунктке жеткізуді өтінді. Әйелдің суы кеткен, босанайын деп тұр. Біз дереу әйелді алдыңғы жолаушы орындығына, ал жолдасын артқы жағына мінгіздік. Бір кезде әйел толғағы басталғанын айтып, тоқтауды өтінді", — деді инспектор.
Полицейлер жағдайды бірден түсініп, әйелге медицина көмегін көрсеткен. Біраз уақыттан кейін қызметтік көліктің салонында жүкті әйел аман-есен қызды дүниеге әкелді. Сосын патруль қызметкерлері анасын жаңа туған нәрестемен бірге акушерлік-гинекологиялық орталықтың қабылдау бөліміне жеткізіп, дәрігерлерге тапсырған.
Медицина мекемесінің қызметкерлері полицияға жедел әрекет еткені үшін алғысын білдірді.
2022 жылдың 7 қыркүйегінде Алматы облысында Қарасай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері патрульдік көлікте босанған әйелді сәбиімен Қаскелеңдегі медицина мекемесіне жеткізгені хабарланған еді.