Ақтауда бір жігітті бірнеше рет ұрлап, ұрып-соғып, қорқытып 500 мың теңге талап еткен бір топ адам ұсталды
Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласында Toyota Camry автокөлігін тоқтатып, бопсалау фактісіне күдікті 26 жастағы жүргізушісі мен 27 жастағы оның жолаушысын ұстады.
Полицейлер автокөлікті тінту барысында патрондары бар "ПМ" маркалы жауынгерлік тапаншаны тауып, тәркіледі. Күдіктілердің уақытша тұрғылықты жерін тінту барысында пәтерден бірнеше жауынгерлік және травматикалық оқ-дәрілер табылып, тәркіленді.
Сурет: polisia.kz
Басқа екі мекенжайды тінту кезінде 25, 26 және 28 жастағы бопсалау дерегіне күдіктілер анықталды. Олардың тұрғылықты жерінен полицейлер тағы бір тапанша, екі мылтық және оларға оқ-дәрілер тауып, тәркіледі.
Сондай-ақ Opel Vectra көлігі табылды. Оны ұсталғандар жәбірленушіден күшпен тартып алғаны белгілі болды. Бопсалау және қаруды сақтау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.