Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Джозеф Байденге көңіл айту жеделхатын жолдады
Бұл туралы ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Мен техастықтардың және Сіздің барлық отандасыңыздың қайғысына ортақтасамын, – делінген Қазақстан президентінің жеделхатында.
Еске салсақ, 25 мамыр күні Техас штатындағы бастауыш мектепте 18 жастағы жігіт атыс шығарып, оның қолынан 21 адам қаза тапты – 5 пен 11 жас аралығындағы 18 бала мен үш ересек адам. Кейін өзі де қайтыс болды. Оны жедел әрекет ету тобының қызметкері атуы мүмкін деген болжам айтылды.
Кейінірек атыс жасады деген күдіктінің әлеуметтік желіде қарудың суреттерін жариялағаны белгілі болды. Ал 18 жастағы Рамостың бұрынғы сыныптасы атыстан бірнеше күн бұрын оған қару мен патрон толы рюкзактың суретін жібергенін айтып, оның қазір мүлде өзгеріп кеткенін айтқан.
Сыныптасы сырт келбеті мен отбасының материалдық жағдайына байланысты мектепте Рамосты жиі мазақ ететінін атап өтті. Сондықтан ол мектепке баруын сиреткен.