Тоқаев қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековті 85 жасқа толуымен құттықтады
Ақорданың ресми сайтында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековті 85 жасқа толуымен құттықтағаны жазылды.
Халқымыз өзіңізді мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Ұстаздықтан басталған еңбек жолыңызда министр, Премьер-Министрдің орынбасары, Елші, университет ректоры, Президенттік орталықтың басшысы сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, еліміздің мәртебесі мен беделінің арта түсуіне атсалыстыңыз. Қазақстан резиденті Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы құттықту жеделхатында қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің ақын-жыраулардың шығармашылығын жаңа қырынан көрсеткенін тілге тиек етті.
Әдеби қазынамыздың қайнар бұлағы болған ақын-жыраулардың шығармашылығын жаңа қырынан көрсетіп, қазақ үшін айтыс өнерінің айрықша рөл атқаратынын дәлелдеп бердіңіз. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін терең зерделедіңіз. Сіздің қаламыңыздан шыққан «Ежелгі әдебиет нұсқалары», «Күлтегін», «Асыл сөздің атасы», «Кісілік кітабы», «Таңғаламын өмірдің ғажабына» және басқа да кітаптарыңыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен жаңғыртудың жарқын үлгісі. Алдағы уақытта да қоғамдық-саяси істерге белсенді атсалысып, ел-жұрттың шынайы құрметіне бөленіп, мерейіңіздің үстем бола беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған құттықтау жеделхатында.
Мырзатай Жолдасбеков – 1937 жылғы 27 мамырда Жамбыл облысы Талас ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген, мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор.
Жолдасбеков қазақ әдебиетінің алғашқы қайнар бастауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді.