Тоқаев АҚШ-тағы жаһандық қаржы институттары басшыларымен бірқатар кездесу өткізді
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды, делінген Ақорда хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін айтты.
Кездесу барысында Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта бұл банк "Астана" халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан.
Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасу болды.
Ақорданың мәліметінше, сондай-ақ Мемлекет басшысы Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығы өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездесті.
Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Айта кетсек, Grupo Los Grobo – жылдық табысы 1 миллиард доллардан асатын Латын Америкасындағы астық және соя өндіретін ірі компания.
Ал JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылғаны айтылады.
Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты.
Мемлекет басшысы танымал америкалық сарапшы, Eurasia Group зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен де кездесу өткізді.
Кездесуде қазіргі заманның өзекті мәселелері мен үрдістері талқыланды.



