Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Рәсімде Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшысына рапорт берді. Кейін президенттің бұйрығымен еліміздің Мемлекеттік туы көтеріліп, әнұран орындалды.
Биыл ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен басталды. Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өңірлерде де жалғасады.
Сурет: akorda.kz
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаған еді.
25 қазанда 13 жылдық үзілістен кейін қазақстандықтар мемлекеттік мереке – Республика күнін тойлайды. Биыл мемлекетімізге 31 жыл толып отыр, бірақ Тәуелсіздікке алғашқы қадамдар одан да ертерек, 1990 жылы жасалды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Осы оқиғаға орай 1995 жылы бұл күн мемлекеттік мереке – Республика күні болып жарияланды.