Тоқаев бірқатар облыс әкімін қабылдады
ҚР президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым Жомарт Тоқаевқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың және Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.
Сонымен қатар Президенттің қабылдауында болған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз ЖЭС-інің жылу желілеріндегі апаттың салдарын жоюға бағытталған шаралар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, Екібастұз қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады. Кездесуде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы мен тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды.
Сурет: akorda.kz
Бұдан кейін Мемлекет басшысының қабылдауында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров болды. Ол өңірді дамыту жоспары мен берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде мәлімет берді.
Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Құмар Ақсақалов Қостанай облысының қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық өсім мен инвестиция тарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар әкім Президентке Қостанайда өтетін ХІХ өңіраралық форумға дайындықтың басталғанын жеткізді.
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған облыстардың әкімдеріне өңірлерді дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету арқылы ауылдардың өркендеуін қамтамасыз етуді, инфрақұрылымдарды жаңғыртып, көлік-логистикалық ахуалды жақсартуды тапсырды.