Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірін-бірі құттықтады.
Президенттер осы жылдары екі ел арасында көпжақты және өзара тиімді мемлекетаралық байланыстар жолға қойылғанын атап өтіп, қатынастардың стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқанын жеткізді.
Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның халықаралық ұйымдар аясындағы тығыз ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон қазақ-тәжік қатынастарын одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін тағы да нақтылады.