Оралда белгілі кәсіпкерді өлтірген күдіктілерге қатысты сот үкімі шықты
"Мой город" порталының хабарлауынша, алқабилер соты күдікті екеуді кінәлі деп тапты.
"Судья үкім шығарды: Қожантаев пен Амангелді аса қатыгездікпен адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтіргені үшін кінәлі деп тану және барынша қатаң колонияда өтей отырып, 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау. Сондай-ақ сот жәбірленуші Үмбетованың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оған Қожантаев пен Амангелдінің 15 млн теңгеден төлеуін міндеттеді", делінген хабарламада.
Амангелді сотта өз кінәсін мойындамады. Амангелдінің ата-анасы да сот үкімімен келіспеді. Олар істің біржақты қарастырғанын айтып, тіпті жәбірленушінің өзі қаза тапқан Мұханғалиевті өлтіруге "тапсырыс берген" деп мәлімдеді.
Қорғаушы Марат Надыршин де сот үкімімен келіспеді, ол оны тым қатал деп санайтынын айтты, өйткені сотталушыларда сөз байласу болмағандықтан, барлығы импульсивті түрде жасалған, Мұханғалиев Қожантаевты қорлап, намысына тиген, сондықтан ол шыдай алмай ашуға берілген көрінеді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған қарсы шағымдануға болады.
2022 жылдың тамызында кәсіпкер Еркін Мұханғалиев қатыгездікпен өлтірілгені белгілі болды. Көптеген пышақ жарақаттары бар адам денесі П. Атоян атындағы стадионның тұрағынан табылды. Марқұмның бірнеше дәмханасы мен мейрамханалары болған.