Атышулы вайнерлер ісіне нүкте қойылды: Мейіржан мен Мейірхан 5 жылға сотталды
Бүгін, 2023 жылдың 23 маусымында ACD Тechnology, Astex.kz және Mudarabah Capital сынды қаржы пирамидалары бойынша атышулы іске нүкте қойылды. Қылмыстық іс материалдары Алмалы аудандық сотында зерттелді. Сот процесі судья Мөлдір Мақанның төрағалығымен ZOOM қосымшасы арқылы онлайн режимде өтті.
Сотталушылар - 12 адам, тағы екеуі – Әділет Ораз және Әзизжан Саидбаев қашып жүр, оларға халықаралық іздеу жарияланған. Қылмыстық істің басты фигуранты "Mudarabah Capital" ЖШС-ның Бас директоры Руслан Бұрқанов, "Astex.kz" ЖШС-ның басшысы Алмас Құрманғалиев және оның әріптесі Дания Рахимова. Олар инвесторлардың ақшасын иемдену схемасын ұйымдастырушы ретінде айыпталады. Сондай-ақ сот алдында Mudarabah Capital-дың құрылтайшылары Андрей Ча, Біржан Жармұхамед және Самат Қасенов, осы компанияның бұрынғы қаржы директоры Тимур Рүстемов және заңгер Нұрлан Сұлтанбаев жауап берді. Ағайынды Ерлан мен Ержан Мансұровтар қаржылық схемаларды түзуші ретінде сотқа тартылды.
Алаяқтық бойынша күдіктілердің қатарында белгілі қазақстандық блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың болуына байланысты іс қоғамда резонанс тудырды.
Сот үкімі де қосымша арқылы онлайн режимде жарияланды. Судья Кәмшат Сауырова үкімді оқи отырып, барлық сотталушылардың түрлі қылмыстар үшін кінәлі деп танылғанын атап өтті. Олар жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Оларға келесі жазалар тағайындалды:
Алмас Құрманғалиев – 14 жылға бас бостандығынан айыру;
Дания Рахимова - 10 жылға бас бостандығынан айыру;
Ержан Мансұров - 9 жылға бас бостандығынан айыру;
Ерлан Мансұров - 9 жылға бас бостандығынан айыру;
Руслан Бұрқанов – 17 жылға бас бостандығынан айыру;
Тимур Рүстемов – 12 жылға бас бостандығынан айыру;
Андрей Ча - 8 жылға бас бостандығынан айыру;
Біржан Жармұхамедке - 6 жылға бас бостандығынан айыру;
Нұрлан Сұлтанбаев – 8 жылға бас бостандығынан айыру;
Самат Қасенов - 8 жылға бас бостандығынан айыру.
Ал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты жаза жеңілдетілді. Кейбір баптарға сәйкес, атап айтқанда, ҰҚТ-ға қатысу бойынша оларды сот кінәсіз деп таныды және кінәсінің жоқтығына байланысты ақтады, бірақ жалпы алғанда, ең төменгі қауіпсіздік колониясында 5 жыл өтеу жазасын тағайындады.
Айта кетсек, Mudarabah Capital компаниясы инвестициялық пирамида қағидаты бойынша жұмыс істеген. Компания клиенттерінің ақшаларын тарта отырып, мемлекеттік сатып алуға қатысатындықтарына сендірген. Салымшыларға ай сайын 20 пайыздық пайда уәде етілді. 200-ге жуық жәбірленуші Mudarabah Capital арқылы Astex.kz компанияның шоттарына шамамен 2 миллиард теңге аударды. Қаржы пирамидасынан келген залал сомасы 8,5 миллиард теңгеден асады.