Финпирамида мен вайнерлер ісі: жәбірленуші 9 миллион теңгені қалай салғанын айтып берді
Алматының Алмалы аудандық сотында Mudarabah Capital қаржы пирамидасының ісі бойынша сот процесі онлайн режимде қаралып жатыр. Бас аяғы жауапқа 12 айыпталушы тартылды. Олардың қатарында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Олардың барлығына қаржылық пирамида құрды және ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысты деген айып тағылып отыр.
Бүгін, 10 қаңтарда сот жәбірленушілерден жауап алуды жалғастырды. Жәбірленушілердің бірі Қанат Несібеков вайнерлер жарнамалаған қаржылық пирамидаға қалай ақша салғанын егжей-тегжейлі айтып берді.
Ер адам жарнамалардың барлығына дерлік танымал қазақстандық тұлғалардың қатысқанын алға тартты. Осылайша, отандық тележүргізуші әрі продюсер Баян Мақсатқызы жарнамалаған Astex.kz компаниясының жарқын ұрандарына жәбірленуші сенген.
"Мен Astex.kz-ке соңына дейін сендім. Егер мен сыйақы мөлшерлемесі 30% екенін білсем келісім-шартты бұзар едім. Өйткені күдік ұялатады ондай пайыздық мөлшерлеме. Ал бізге сыйақы мөлшері шамамен 17-ден 20%-ға дейін болатынын айтты." Қанат Несібеков
Кейін қаржылық пирамиданың тағы бір құрбаны Данияр Әлбеков куәлік етіп, жауап берді.
"2020 жылдың тамыз айында мен Mudarabah Capital компаниясымен келісімге қол қойдым. Бастапқыда мен жарнаманы көрдім, содан кейін шамамен бір аптадан кейін Mudarabah Capital кеңсесіне келіп, Андрей Чамен кездестім. Ақшаның Astex.kz шотына түсетінін түсіндіріп берді. Бастапқыда 5 миллион теңге салдым. Одан әрі Андрей Ча түсіндірме әңгімесінде Astex.kz Қытай арқылы жұмыс істейтінін, барлық ақша ағындарын түсіндіретінін айтты.Сол жылдың қазан айында тағы да қосымша келісімге қол қойып, тағы 4 миллион теңге салдым. Мен одан әрі капиталдандыру үшін соманы инвестицияладым, яғни болашақ сыйақылардан әдейі бас тарттым.Барлығы 9 миллион теңге бердім. Ешқандай сыйақы алған жоқпын, ақшаны бір жылдан кейін пайызбен қайтарып алғым келді. Мен компаниядағы мәселелер туралы 2021 жылдың көктемінде ғана білдім". Данияр Әлбеков
Бұған дейін 9 қаңтарда өткен сот отырысында үш жәбірленуші: Тимур Оспанов, Сардор Хакимов және Қанат Несіпбеков куәлік берген. Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев сотталушыларға айыптау актісін оқыды.
Алдын ала сот отырысында судья Мейіржан Төребаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертті, ол үйқамаққа жіберілді, ал іс бойынша қалған сотталушылар қамауда қалды. Айта кету керек, зардап шеккен салымшылардың кейбірі процесс басталмай тұрып-ақ шектен шыққан шараларға барған, сондықтан 2022 жылдың 11 сәуірінде қаржы пирамидасының әрекетінен зардап шегуші Астана қаласындағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында өзін-өзі өртеп жіберген. Әйел компанияға 20 миллион теңгеден астам қаржы салған.
Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың ұсталғаны 2022 жылдың ақпанында белгілі болды. Қазір екі қатысушының, соның ішінде Азизжан Саидбаевқа іздеу жарияланғаны белгілі болды.