Ақтөбе облысының экс-әкімі 8 жылға сотталды
Ақтөбе ӘКК-нің бұрынғы басқарма төрағасы Ермек Имантаевқа қатысты іс Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралды. Оған ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде ұрлады деген айып тағылып отыр.
Сот Имантаев Ақтөбе ӘКК басқарма төрағасы бола тұра, "Садовое" тұрғын үй алабында орналасқан көлемі 24 гектар жер учаскесін, бағасын 10 есе түсіріп заңсыз түрде сатқанын анықтады. Сотталушы жердің нарықтық құнын қасақана 20 млн теңгеге дейін төмендетіп, жер учаскесі туралы жалған ақпарат ұсынып, төлемдің жасалмағанына қарамастан, жалған сатып алушы С-мен заңсыз сатып алу-сату келісімшартын жасаған.
Одан соң жер учаскесі жалған тұлға С-ға қайта рәсімделіп, жердің нысаналы мақсаты "жеке тұрғын үй құрылысынан" "көпқабатты тұрғын үй құрылысына" өзгертілді. Жалған тұлға С-пен жердің 17,2 гектар көлеміндегі бөлігі Батыс-3 мөлтек ауданындағы 4 жер учаскесіне кейін тұрғын үй салушыларына сату үшін айырбасталған.
Имантаевтың тапсырмасымен жалған тұлға С. жоғарыда аталған Батыс-3 мөлтек ауданындағы 3 учаскесі және "Садовое" тұрғын үй алабындағы қалған 2,3 гаектар көлеміндегі жер учаскесі үшінші тұлға К-ға қайта рәсімделген.
"Жер учаскесін заңсыз сатқан Е.Имантаев АҚ тұлғасы ретінде мемлекетке 199,4 млн теңге сомасына аса ірі мөлшерде залал келтірді".
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелер жиынтығымен расталады.
Прокурор соттан Е.Имантаевқа мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы Е.Имантаев өз кінәсін мойындамады.
Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оң мінезделетінін, бұрын сотталмағанын және сотталушының денсаулық жағдайын ескерді. Жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Соттың үкімімен Е.Имантаев кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талап қанағаттандырылып, сотталғаннан мемлекет пайдасына 199,4 млн теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.