Жетісу облысы ПД бастығы мен оның орынбасарлары қызметінен босатылды
Ведомство басшысы өзінің сапары аясында өңір полициясының жеке құрамымен және ІІО ардагерлерімен кездесу өткізді. Отырысқа облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысты.
"Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайтын полиция қызметкері үшін заң мен тәртіп бірінші орында болуы керек. Құқыққа қайшы келген азаматтар мен полицейлердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылуы тиіс. Заң бәріне ортақ", - деп атап өтті министр Ержан Саденов.
Кездесуде ІІМ басшысы Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты қабылданған шешімді айтты.
"Осылайша, облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды. Оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескертілді. Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те өз қызметтерінен босатылды". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Жетісу облысы ПД бастығының міндетін енді полиция генерал-майоры Арман Саданов атқаратыны да нақтыланады. Бұған дейін ол ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған.
Айта кетсек, 13 қарашада Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев 27 жастағы облыс тұрғынын зорлады деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек бұл ақпаратты Жетісу облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов растады. Бұл фактіге сәйкес ҚР ҚК-ның 120-бабы, 2-бөлігі (Қызмет бабындағы тұлғаның зорлау әрекеті) бойынша қылмыстық іс қозғалды.