Жаңалықтар тізбегі
0

Пара берді деп айыпталған Шымкент әкімінің экс-орынбасарының соты өтті

Мақсұт Исахов, пара беру, Шымкент әкімінің экс-орынбасары, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.03.2024 22:39 Сурет: Zakon.kz
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Мақсұт Исаховтың ісі қаралды. Оған қалалық ҰҚКД бастығының бірінші орынбасарына пара берді деген айып тағылады. Қоғамдық резонансқа ие істің егжей-тегжейін Zakon.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Қоғамдық резонансқа ие сот процесінде бірінші болып прокурор сөз алды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Мақсат Исаховтың ісі 2020 жылдың мамыр айынан бастау алады. Сол кезде Шымкент қаласының үш көшесінің магистральдық желілерін қайта жаңартуға деп 685 млн теңге сомасына тендер жарияланды.  "Сити-Строй" корпорациясы" ЖШС жеңімпаз ретінде анықталды. Екінші орынды "АлемСтрой-1" ЖШС иеленді. Конкурс жеңімпаздарымен арада шарт бірнеше күннен кейін жасалды. Алайда ұтылған "СТАРТ-СТРОЙ" компаниясы тендер қорытындысымен келіспей, сотқа жүгінді.

"Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2020 жылғы 2 маусымдағы шешімі бойынша "СТАРТ-СТРОЙ" ЖШС талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды. 2020 жылы 9 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Исахов өзінің лауазымдық өкілеттігіне байланысты жоғарыда аталған конкурсқа ешқандай қатысы жоқ болғанына, сол кезеңдегі мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметіне басшылық етпеуіне қарамастан "СТАРТ-СТРОЙ" ЖШС директорының орынбасарын шақыртып алады. Әңгіме барысында Исахов "Сити-Строй" корпорациясы" ЖШС-ға артықшылықтар беру мақсатында, яғни мемлекеттік қызметтегі мүддесіне қайшы, өзінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, кәсіпкерлік мүддені лоббилеп, заңды бұза Егізбаевтан "Сити-Строй "корпорациясы" ЖШС пайдасына конкурстан бас тартуды талап еткен", - деді актіні оқыған мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов.

Құзырлы органның мәліметінше, Исахов "СТАРТ-СТРОЙ" ЖШС директорының орынбасарына жоғарыда аталған тендердің орнына сомасы 11 млрд теңгені құрайтын басқа екі конкурста жеңімпаз атануға көмектесетінін айтқан. Ал ол өз кезегінде мұндай ұсыныстан бас тартқан. Осыдан кейін, айыптау актісінде көрсетілгендей, Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары одан 187 млн теңге талап етеді.

"Исахов бұл заңсыз талабын Қайыпбековтің алдында көрсетілген ақша сомасында міндеттемесі барымен түсіндіреді. Егер Егізбаев жоғарыда аталған тендерді ұтып алғысы келсе, онда талап етілген қажетті ақшаны беруі керек екені айтылады. Өз кезегінде Егізбаев Исаховқа нақты жауап бере алмайтынын, ойлануға уақыт беруді сұрайды. Дегенмен ол мемлекеттік сатып алу басқармасы сот шешімін орындауға міндетті деп санайды. Исахов болса, оған уақыт беруден бас тартып, егер Егізбаев оның талаптарын орындамаса, онымен соңына дейін жауласып өтетінін айтып қорқытқан. Егізбаев Исаховты "Сити-Строй "корпорациясы" ЖШС-ның сойылын соғып отыр деп болжап, ұялы телефонындағы диктофонды қосып, екеуара әңгімені жазып алады. Бұл жазбаны кейін ҰҚКД-ның тергеушісіне өз қолымен апарып берген", делінген айыптау актісінде.

Осыдан кейін Исаховтың үстінен "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалды. Біраз уақыттан кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жабылды. Алайда, мемлекеттік айыптаушы мәлімдегендей, Исахов бұл қылмыстық істің арты жақсы болмайтынын түсініп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлеріне "пара беру" туралы шешім қабылдайды. Белгілі болғандай, Исахов ҰҚКД басшысының бірінші орынбасарына 200 мың доллар беруге тырысқан. Осыдан соң бұрынғы әкімнің орынбасары қамауға алынды. Бұл жолы "Аса ірі мөлшерде пара беру" бабы бойынша іс қозғалды.

"Исахов өзінің қылмыстық ниетінің қоғамдық қауіптілігі мен ықтимал теріс салдарын сезіне отырып, ықтимал қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатында мемлекеттік қызметтің мүддесіне қайшы әрекет етуде Шымкент ҰҚКД-ның лауазымды тұлғасына аса ірі мөлшерде пара беру арқылы қылмыстық жауаптылықтан жалтарғысы келген. Қылмыстық пиғылға сай әрекет ете отырып, Исахов ҰҚКД басшылығына қатысты мәліметтерді анықтауға тырысады. Сөйтіп өзіне қатысты істі ҰҚКД бастығының бірінші орынбасарының қадағалауында екенін анықтайды. Исахов аса ірі мөлшерде ақшалай сыйақыға қылмыстық қудалауды доғару мүмкіндігін қарастыру үшін онымен байланыс орнатуға шешім қабылдады", - деді прокурор Мұхтар Арыстанов сотта.

Сотта бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік барлық айыпты толығымен жоққа шығарды. Мақсұт Исаховтың айтуынша, жағдай басқаша болған. Керісінше, ҰҚКД-ның бірінші орынбасары одан пара талап етіп, қылмыстық қудалау жағдайымен қорқытқан. Қоғамдық резонансқа ие іс бойынша соттың келесі отырысы 19 наурызда болады деп жоспарланған.

26 ақпанда алдын ала сот тыңдалымы барысында қорғаушы тарап уақытша ұстау изоляторында отырған Мақсұт Исаховқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрағаны белгілі болды. Адвокаттар сотталушының денсаулығы сыр бергенін айтты.  Алайда, іс жүргізу барысында бұл факт расталмады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарының адвокаттары істі басқа өңірдің сотында қарау туралы өтініш білдірді. Нәтижесінде қорғаушы тараптың өтініштері қанағаттандырылмады.

Мақсұт Исахов 2023 жылдың 20 шілдесінде ұсталды. Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасарының ұсталғаны туралы ақпаратты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.

Исахов 2020 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кіріскен болатын. Ол 1974 жылы 23 қаңтарда Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысының Шардара ауданында дүниеге келген.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: