Сәтпаев қаласының бұрынғы әкімі пара алғаны үшін сотталды
Сот 2024 жылдың ақпан айында қала әкімі бола тұра, Шапағат Әубәкір Сәтпаев қаласындағы жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізетін жеке кәсіпкер М-нан мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оның кеңеюіне жәрдемдесу үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғанын анықтады.
Сотталушылардың кінәсі мойындауларымен және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденді", делінген сот хабарламасында.
Прокурор соттан сотталушыларды жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, соттан өздеріне бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.
"Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және жас балалардың болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Экс-әкімнің қабылдаған антын бұзуы оның жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жай деп таныды. Сот үкімімен экс-әкімге ҚР ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды". Сәтбаев қалалық сотының баспасөз қызметі
Ал пара беруші - М. ҚР ҚК-нің 367 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 200 млн теңге айыппұл тағайындалды.
Сәтпаев қаласы әкімдігіне қатысты бөлінетін бюджет қаржысының негізділігін, қаржыландыру жоспарының және мақсатты пайдалануын қайта қарап, үнемді пайдалануының тиісті шараларын жүргізу үшін жеке қаулы шығарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, Антикор қызметкерлерінің Шапағат Әубәкірді ұстағаны туралы 2024 жылдың 17 ақпанында белгілі болды.