Қазақстанның қай қалаларында француз мектептері ашылады
Келісім Астана және Алматы қалаларында екі халықаралық (Француз) мектеп ашуды, сондай-ақ француз тілі бірінші және екінші шет тілдері ретінде оқытылатын білім беру ұйымдарында француз тілін шет тілі ретінде үйрену үшін жағдайлар жасауды көздейді.
Француз мектептері қазақстандық оқушыларды, сондай-ақ Қазақстанда тұратын және көптілді білім алғысы келетін шетелдік азаматтарды оқытуға арналған. Оқуды аяқтағаннан кейін Францияның білім министрлігі орта білім туралы диплом береді.
"Өз қызметі арқылы француз мектептері Қазақстан Республикасында француз тілі мен француз мәдениетін насихаттауға, сондай – ақ Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді", - делінген келісімде.
Француз мектептерінің білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ бақылау ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Халықаралық мектеп мәртебесі ҚР заңнамасына сәйкес беріледі.
Сондай – ақ, құжатта Француз мектептері олардың сәйкестігі расталған сәттен бастап Францияның Сыртқы істер Министрлігі жанындағы мемлекеттік мекеме-Шетелдегі Француз білім беру агенттігі үйлестіретін оқу орындары желісінің мүшелері екендігі айтылған.
Әрбір француз мектебінің қызметі оның жарғысымен анықталады және реттеледі.
Француз мектептерінде оқытуды Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес француз мектептері жалдайтын қазақстандық және шетелдік педагогтер жүзеге асырады.
Француз мектептері Қазақстанның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының және Францияда бекітілген жалпыға міндетті оқу бағдарламаларының талаптарын ескере отырып әзірленген білім беру бағдарламаларын іске асырады.
Оқыту негізінен француз тілінде жүргізіледі. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде де өткізіледі.
Француз мектептері қазақстандық білім алушыларға қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы және Қазақстан географиясы бойынша оқу бағдарламаларын ұсынады. Осы пәндер бойынша білім беру процесі ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және республиканың басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Француз мектептері шетел азаматтары болып табылатын және Қазақстанда тұратын оқушыларға ҚР тілдері мен мәдениетін оқытудың бастапқы курсын ұсынады.
Француз мектептерін құру және олардың жұмыс істеуі бойынша қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, келісімде тараптар қазақстандық білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуды дамытуға жәрдемдесетіні айтылған.
Сонымен қатар, тараптар оқыту әдістемесі, оқытушыларды кәсіби даярлау мәселелері бойынша қазақстандық және француздық білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасуды және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, француз тілінің оқулықтарын әзірлеу жөніндегі бастамалар мен Қазақстанның білім беру ұйымдарында француз тілі бойынша оқу бағдарламаларын жаңғырту жөніндегі бастамалар қолдау көрсетілетіні айтылды.
Бұдан басқа, келісім қазақстандық білім алушылар мен мұғалімдердің лингвистикалық құзыреттерін ресми растау үшін DELF және DALF дипломдарын алуға емтихан тапсыру үшін жағдайларды ұйымдастыруға жәрдемдесуді ЕСКЕРТЕДІ.
Француз тілін үйрену дипломы (DELF) және француз тілін тереңдетіп оқыту дипломы (DALF) – Францияның білім министрлігінің дипломдары. Олар француз шет тілін меңгеру деңгейін жалпыеуропалық шет тілін меңгеру деңгейлері жүйесіне сәйкес растайды, бұл француз мектептеріне қабылдау кезінде артықшылықтардың бірі болып табылады.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.