Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша үкім шықты: Жоғары сот түсініктемесі жарияланды
Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
Алқабилер алқасының үкімімен Қ.Бишімбаев жәбірленуші С.Нүкенованы 2023 жылғы наурыз айының ортасынан бастап 9 қарашаға дейін кінәліге материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану арқылы дене және психикалық зардап шеккені үшін (ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы); сондай-ақ 09.11.2023 жылы С.Нүкенованы өлтіргені, яғни аса қатыгездікпен басқа адамды заңсыз қасақана өлтіргені (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағы) үшін кінәлі деп танылды.
Б.Байжанов 09.11.2023 жылы Қ.Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты уәдесіз жасыру бойынша кінәлі деп танылды(Қылмыстық кодекстің 432-бабы).
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейнематериалдармен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.
Прокурор Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады.
Жазалау туралы шешімҚылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағының санкциясында 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағының санкциясында 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстық кодекстің 432-бабының санкциясында 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов үшін кәмелетке толмаған балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сот Қылмыстық кодекстің 14-бабының 2-бөлігінің 2-тармағының негізінде Бишімбаевтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстардың қауіпті қайталануын, сондай-ақ мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасауын таныды.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 656-бабына сәйкес ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысты ескере отырып шешті. Алқабилер сотының үкімі:
- Бишімбаев қылмыстардың жиынтығы бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Байжановқа – 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру (ҚК 55-бабының 2-бөлігі ескеріліп) жазасы тағайындалды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.