Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану: қандай өзгерістер енгізілді
Жаңа ережеде мемлекеттік қызмет жеке тұлғаға – Қазақстан Республикасының азаматына, екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банк филиалдар, банк операцияларының жекелеген түрлерін, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы міндеттемелерін тоқтату мақсатында көрсетілетіндігі нақтыланды.
Сондай-ақ, осы тармақшада көрсетілген міндеттемелерге, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган барлық банк операцияларын жүргізуге, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиялардан айырған не микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің тізілімдерінен шығарылған, оның ішінде таратылған, таратылу сатысындағы екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін, микроқаржылық қызметті жүзеге асырған ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің, сондай-ақ жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (кредит) шарттары және микрокредит беру туралы шарттары бойынша талап ету құқығы тиесілі өзге де ұйымдардың алдындағы міндеттемелер де жатады.
Атап өтілгендей, аталған өзгерістер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану бойынша кредиторлар тізімін кеңейту бөлігінде енгізілді.
Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беруі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтініш берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен (2024 жылы 5 907 200 теңге) аспайтын екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелердің болуы және жиынтығында мынадай:
- ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы;
- өтініште көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелері бойынша осындай өтініш берілген күнге қатарынан он екі ай бойы өтеудің болмауы.
Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем күнінде қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын сомадағы төлем өтеу болып есептеледі.
Өтеудің болмау мерзімі әрбір банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша соңғы төлем күнінен бастап есептеледі.
Егер коллекторлық агенттік төлемнің болмауының өзге мерзімін растамаған жағдайларды қоспағанда, құқықты басқаға беру шарты бойынша коллекторлық агенттікке берілген банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша өтеудің болмау мерзімі соңғы төлем күнінен бастап құқық коллекторлық агенттікке берілгенге дейін есептеледі.
- кредитор мен борышкерге "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі;
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру:
- Мемлекеттік корпорация арқылы;
- www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) және (немесе) арнаулы мобильдік қосымша (бұдан әрі – мобильдік қосымша) арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, көрсетілетін қызметті алушының соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтінішін өңдеу, оның ішінде шарттарға сәйкестігін тексеру тіркеуші мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және кредиттік бюролардың деректерін салыстыру арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Көрсетілген қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерде қамтылған құжаттар мен мәліметтерді талап етуге жол берілмейді.
Құжаттың толық нұсқасы қоғамдық талқылау үшін 2024 жылдың 2-ші тамызына дейін "Ашық НҚА" сайтына орналастырылған.