Ақмола облысында жоғалып кеткен жасөспірім шахтадан табылды
Сурет: Zakon.kz
Ақмола облысында полицейлер жоғалған жасөспірімді тауып, туыстарына тапсырды. Ол Бестөбе ауылындағы шахтаға түсіп, алтын іздеген, деп хабарлайды Zakon.kz.
17 жасар жасөспірімнің хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы 16 қыркүйекте Степногорск қаласының полиция басқармасына арыз келіп түсті. 11-сынып оқушысы сабаққа келмеген, сондықтан мұғалімдер дабыл қаққан. Ол 13 қыркүйектен бастап мектепке бармағаны белгілі болды.
Полиция қызметкерлері дереу қажетті жедел және іздестіру шараларын бастады. Жоғалған жасөспірімнің таныстары зерделенді, ата-аналары, жақын туыстары мен достарынан сұрақ-жауап алынды. Полиция жас жігіттің Бестөбе ауылы маңында екенін, оның шахтаға түскенін анықтады.
"17 қыркүйекте кәмелетке толмаған баланың орналасқан жері анықталып, ол туыстарына аман-есен табысталды. Жас жігіт алтын іздеу үшін шахтаға түскенін айтты. Полиция қызметкерлері жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың өзі қорғалатын объектіге заңсыз кіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", делінген полиция хабарламасында.
Айта кетсек, 19 қыркүйекте оқушылары төбелескен Бестөбе ауылындағы мектептің директоры жұмысынан босатылғаны белгілі болды.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript