Талғардағы жасөспірім өлімі: депутат жергілікті полицейлердің іс-әрекетін сынға алды
Сурет: Zakon.kz/Мадина Мамырханова
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 2024 жылы 9 қазанда палата отырысында Талғардағы жасөспірімнің өлімі фактісіне қатысты полицейлердің іс-әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Депутат қоғамды соңғы уақытта қоғамдық орында жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетуі қамықтыратынын баса атап өтті.
"Мұның арты өлімге апарып соғып жатыр. "Біздің қоғам қайда бара жатыр" деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде туындауы заңдылық осындайда. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды... Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады", - дейді депутат.
Ол ел өре түрегелген соң істі ІІМ өз бақылауына алғанын баса атап өтті.
"Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді? Мұндай қылмыста құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін.... Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс. Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдарының қатысуымен, оның заңды құқықтық бағасы тез арада берілуі тиіс", - дейді халық қалаулысы.
2024 жылы 8 қазанда Алматы облысының прокуратурасы 4 қазанда Талғарда төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жігіт пышақ жарақатынан қайтыс болғанын, тағы екі адам ауыр дене жарақатын алғанын хабарлады.
Кейін Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript