Instagram-да басталған дау қанды қақтығысқа ұласқан: алты бозбала сотталды
Сотта 2024 жылы 2 қаңтарда Ақтөбе қаласы маңындағы Ақжар және Қызылжар елдімекендерінің тұрғындары арасында туындаған түсінбеушілік салдарынан Қызылжар ауылындағы "Алмаз" дүкенінің алдында жаппай төбелес болғаны анықталды.
Төбелес кезінде екі сотталушы кәмелетке толмағанның екі жақ жамбасына пышақ салған. Жәбірленуші қан кету салдарынан ауруханада көз жұмды. Тағы бір жәбірленушінің жон тұсынан пышақ сұғылған. Ол дер кезінде көрсетілген кәсіби медициналық көмектің арқасында аман қалды.
Тағы бір сотталушы жәбірленушінің сол жақ иығына пышақ сілтеп, жеңіл зақым келтірген. Тағы үш сотталушы өзге үш бозбаланы ұрып-соғып, оларға қатысты пышақ қолданған.
Сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылған төртеудің әрқайсысы 4 жылдан жаза арқалады.
"Сот үкімімен тағы бір сотталушы ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 9,14-тармақтарында 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1,9-тармақтарында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ тағы бір бозбала кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды", делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.