450 млн теңгенің залалы: "Қазақтелеком" АҚ филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүріп жатыр
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2024 жылы 2 желтоқсанда хабарлады.
Ведомство Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұлттық компанияның "Қазақтелеком" АҚ филиалы – сервистік фабрикасының лауазымды тұлғаларына қатысты өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын нақтылайды.
"Филиалдың бұрынғы бас директоры мен бірқатар қызметкерлері мемлекет мүддесіне қайшы және кәсіпкер үшін пайда табу мақсатында Тараз қаласындағы Қоғамның әкімшілік ғимаратын көрінеу төмен бағамен сатқан деп күдіктенеді. Олардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 450 млн теңгегеден астам сомаға материалдық залал келтірілді", делінген хабарламада.
Келтірілген зиянды өтеу жөніндегі қамтамасыз ету шаралары ретінде жоғарыда аталған нысанға тыйым салынды. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.
"Тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды". Антикор
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.