"Күзет қойылды". Дәрігерлер кепілге алынған ақтөбелік әйелдің хәл-жағдайы туралы мәліметпен бөлісті
"Еуразия" Бірінші арнасына дәрігерлер жапа шеккен әйелдің өздеріне бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы және өзге де көптеген дене жарақаттары диагнозымен келіп түскенін нақтылады.
"Ақтөбеде кепілге алынған әйел қазір жансақтау бөлімінен стационарға ауыстырылды. Оның қауіпсіздігі үшін палата алдына күзетші қойылған, оған тек дәрігерлер ғана кіре алады", делінген 2025 жылдың 15 қаңтарында телеарнаның Telegram арнасында.
Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мақсат Оразжановтың айтуынша, әйелдің жағдайы орташа ауыр деп бағаланады.
"Науқас есін біледі, басы істеп тұр, сұрақтарға жауап береді. Оған консервативті терапия тағайындалды, қазір оны алып жатыр. Орташа ауырлық жағдайынан бөлек осы оқиғалардан кейін психологиялық фактор да төбе көрсеткен. Бұл ретт біз психологтармен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз", - деді ол.
Айта кетсек, 14 қаңтарға қараған түні Ақтөбеде белгісіз біреу адамдарды кепілге алды. Үйдегі үш адам зардап шекті, оның екеуі қаза тапты. Күдікті қандай да бір талаптар қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды.Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы екі адам табылды. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.