Конституциялық Сот бейбіт жиналыстардың өткізу нормалары тағы бір мәрте түсіндіріп берді

Азамат Конституциялық Сотқа "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңның бірқатар нормаларының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішпен жүгінді.
Сотта қандай жауап берілді
Конституциялық сот олар бұл нормаларды тексеріп қойғандығы жайлы айтты.
"Өтініш берушінің өтінішін алдын ала зерделеу қорытындылары бойынша Конституциялық Сот Заңның көрсетілген нормалары бұрын тексерілгенін және тексеру қорытындылары бойынша 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 61-НҚ нормативтік қаулысы қабылданғанын, онда құқықтық ұстанымдар мен тексеру қорытындылары бойынша шешім егжей-тегжейлі баяндалғанын көрсетті".
Конституциялық Сот өз шешімінде көрсеткендей, бейбіт жиналыстар құқығы абсолютті болып табылмайды және Конституцияда көрсетілгендей заңды түрде шартты болуы мүмкін.
Осыған байланысты Конституциялық Сот Заңда бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім негізді және дәлелді болуға тиіс және оған заңнамалық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін деген императивті талап қамтылатынын атап өтті.
"Сондықтан әрбір нақты жағдайда бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту туралы шешім іс-шаралардың мақсаттарын, өзектілігін, қоғамдық маңыздылығын және ауқымын, сондай-ақ өзге де объективті факторларды ескере отырып, барлық мән-жай мен ықтимал тәуекелдердің егжей-тегжейлі талдауына негізделуге тиіс",- делінген ақпаратта.
Конституциялық Сот Заңда көзделген құралдар (атап айтқанда, бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға жиналысты өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуді ұсыну) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган арасындағы келісу рәсімдері шеңберінде іске асырылады деп көрсетті.
Осылайша, Конституциялық Сот бейбіт жиналысты өткізуден белгіленген негіз бойынша бас тарту туралы шешім қабылданар алдын жергілікті атқарушы орган мұндай іс-шараны ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алдын ала жіберуге міндетті деп қаулы шығарды.
Осы нормативтік қаулы өзінің заңды күшін сақтайды.