Конституциялық Сот жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру бойынша бұзушылықтарды таппады

Істің мән-жайы:
Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 144-бабы 2-тармағының 7) тармақшасының және 170-бабы 1-тармағының 4) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін алдын ала зерделеді.
Аталған нормалар уәкілетті органның (Әділет министрлігінің) жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыруын көздейді.
Азаматтың пікірінше, уәкілетті органның мұндай шешім қабылдауы барлығының заң мен сот алдындағы теңдігінің конституциялық қағидатын бұзады, мемлекеттің қоғамдық бірлестіктердің істеріне араласуына жол береді және оның еңбек бостандығы мен мамандық таңдау құқығын шектейді.
Сот қандай шешім шығарды:
Алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша Конституциялық Сот өтініш беруші көрсеткен заң нормаларын тексеру үшін жол берілген шарттардың анықталмағаны туралы қорытындыға келді.
Конституциялық сот уәкілетті органның шешіміне шағымдану құқығы заңмен шектелмейтінін және қолданыстағы норма сот шешімін алдын ала белгілемейтінін көрсетті.
"Азаматтың қоғамдық бірлестіктің қызметіне араласу туралы дәлелдері қоғамдық бірлестіктердің және жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының құқықтық мәртебесі бөлігінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейді. Өтініш берушінің еңбек бостандығы мен мамандық таңдау құқығы бұзылған деген пікірі негізсіз",- делінген ақпаратта.
Бұған дейін Конституциялық Соттың бейбіт жиналыстардың өткізу нормалары тағы бір мәрте түсіндіріп бергендігі хабарланған болатын.