Конституциялық Сот Тұрғын үй қатынастары туралы заң нормаларын қайта қараудан бас тартты

Істің мән-жайы:
Конституциялық Сотқа Ауғанстанда болған ұрыс қимылдарының ардагерлері болып табылатын азаматтар "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 13-бабы 8-тармағының 5) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен жүгінді.
Аталмыш норма бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде немесе майданда болуына байланысты сырқаттану салдарынан, сондай-ақ майданда болуына байланысты жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан мүгедектігі бар адамдар деп танылған әскери қызметшілердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді өз меншігіне өтеусіз алуға құқығы бар екенін көздейді.
Өтініш жолдауға 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге сілтеме жасай отырып, олардың азаматтардың меншігіне өтеусіз тұрғын үй алуға қойылатын талаптары себеп болды. Конституцияға сәйкес ратификацияланған халықаралық шарттар заңдарға қарағанда басымдыққа ие.
Конституциялық Сот қандай шешім шығарды
Судьялар алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша Келісімде қатысушы мемлекеттердің азаматтардың көрсетілген әлеуметтік санаты үшін меншігіне өтеусіз тұрғын үй беру жөніндегі міндеттемелері туралы ережелер көзделмегені анықталды.
Заң мен Келісім арасында қайшылық жоқ. Нәтижесінде, заңның Конституцияға сәйкестігін тексерудің жол берілген шарттары анықталған жоқ.
Бұған дейін қанша қазақстандықтың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алып үлгергенді хабарланған болатын.