Алматыда сот арқылы ажырасқан АҚШ азаматтары баланың кімге тиесілі екенін анықтауға тырысты

Іс бойынша кәмелетке толмаған баласы бар АҚШ азаматтары 4 жылдан кейін некені бұзған. Анасы мен оның үш жасар ұлы Қазақстанға АҚШ сотының рұқсатымен ұлын белгіленген мерзімде әкесіне қайтару шартымен екі апталық демалысқа келген.
"Алайда анасы баламен бірге АҚШ-қа оралмаған. Қазіргі уақытта олар тұруға ықтиярхат негізінде Қазақстан Республикасында тұрады. Бірінші сатыдағы сот әйелдің баланың өзімен бірге тұратын жерін анықтау туралы талап арызын қанағаттандырды. Баланың әкесі бұл шешімге шағымданған", делінген сот хабарламасында.
Алматы қалалық соты істі қарай отырып, АІЖК-нің 466-бабында айқындалған Қазақстан соттары шетел азаматтарының қатысуымен қараған істердің тізбесіне кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерін анықтау кірмейтінін атап өтті. Қазақстан Республикасының соттары, егер заң Қазақстан ратификациялаған халықаралық шартта оларды өз құзыретiне жатқызса, өзге де iстердi қарай алады. Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында мұндай халықаралық келісім жоқ.
"Қазақстанда кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы дауды шешу неке және отбасы заңнамасымен реттеледі. Заңның шетел азаматтарына қатысты қолданылуына келетін болсақ, ата-аналар мен балалардың құқықтары және міндеттері олардың аумағында бірлескен тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалатыны көзделген. Бұл құқық болмаған жағдайда ата-аналар мен балалардың міндеттері баланың азаматтығы болып табылатын мемлекеттің заңнамасында айқындалады. Ана мен бала Қазақстанда болғанға дейін тараптардың бала азаматы болып табылатын АҚШ-та ортақ тұрғылықты жері болғанын ескере отырып, оның тұрғылықты жерін анықтау туралы қазіргі дау Қазақстан соттарының құзыретіне жатпайды", деп нақтылайды соттағылар.
Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, Қазақстан Республикасының азаматтық сот өндірісінде қаралуға жатпайтындықтан іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.