Елордадағы дүкендердің біріне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Ақмола облысында ұсталды

21 ақпанда Ақмола облыстық полиция департаментіне елордада қарулы қарақшылық жасаған күдіктіге іздеу жарияланғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Астана қаласының полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қаскүнем дүкенге кіріп, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадан ақшаны жымқырып, оқиға орнынан "ізін суытқан". Бұл ақпаратты алған Ақмола облысының тәртіп сақшылары шұғыл түрде Астанадан шығатын барлық көлік құралдарын тексеруге кірісті. Олардың жедел әрі кәсіби әрекеттері көп ұзамай өз нәтижесін берді.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Астана – Петропавл тас жолының 292-ші шақырымында Hyundai Tucson автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары көлік жолаушысының бағдардағы сипаттамаға сәйкес келетінін аңғарды. Алайда ер адам өзін басқа есіммен таныстырып, күдік тудырды. Күдіктінің әрекетінен секем алған полиция қызметкерлері оның жеке басын мұқият тексеруге шешім қабылдады. Дәл осы сәтте оқиға күтпеген сипат алды: жолаушы кенеттен көліктің терезесін жауып, қолына пышақ ала сала өзін жарақаттай бастады. Артынша ол пышақты жүргізушіге қарай бағыттап, қоқан-лоқы көрсеткен". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Кейіннен белгілі болғандай, көлік жүргізушісі оны жол бойында кездейсоқ жолаушы ретінде алған екен. Ахуалдың күрделілігіне қарамастан, тәртіп сақшылары жедел әрі батыл әрекет етті. Күрес тәсілдерін қолдана отырып, олар күдіктінің қолындағы пышақты қағып жіберіп, оны залалсыздандырды. Абырой болғанда көлік жүргізушісі зардап шеккен жоқ, тек қатты қорқып қалған.
"Ұсталған күдікті одан әрі тексеру және тергеу амалдарын жүргізу үшін елорда полиция қызметкерлеріне тапсырылды", делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Шымкентте полициядан қашқан жүргізушінің видеоға түсіп қалғанын жазғанбыз. Ол жеті рет бағдаршамның қызыл түсін елемей, жол кескен.