QazNews24 парақшасының авторы 5 жылға шартты түрде сотталды

Сотқа тартылушы Instagram парақшасының 34 мыңнан астам оқырманы бар парақшасының әкімшісі бола отырып, басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға бағытталған, дөрекі, балағат сөздермен жазылған мәтіні бар музыкалық композициямен бірге жазба жариялағаны анықталды.
"Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылатын ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталған.Сотталушының кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысымен, жауап алу хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", делінген сот хабарламасында.
Істі қарау барысында азамат Еңсебек өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот отырысының қорытындысы бойынша, қылмыстық іс материалдарын зерттеп, тараптардың сот жарыссөздерінде айтқан ұстанымдарын ескере отырып, сот сотталушыны аталған әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот шешімі
ҚР Қылмыстық Кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша жаза 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сот шешім шығарған кезде сотталушының бұрын сотталмағаны ескерілді, алайда ол өзінің құқыққа қайшы әрекеті үшін өкініш білдірмеген.
Осылайша, сот сотталушыны белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазамен бас бостандығынан айырумен байланысты емес 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
2025 жылы 6 сәуірде Арқалық қаласында блогер бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған болатын.