Мәжіліс ҚР-дың аумақтық қорғанысы туралы заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депутаты Максим Рожиннің айтуынша, бұл заң елдің қорғаныс қабілетін арттыруға, халықтың, аумақтық қорғаныс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мобилизация, әскери жағдай мен соғыс уақытында республиканың аумағын қорғауға бағытталған.
"Заң жобасында еліміздің қорғаныс жүйесі үшін "өзін-өзі қорғау құрылымдары" және "ерікті" деген жаңа ұғымдар енгізіліп отыр. Өзін-өзі қорғау құрылымдары әскери жағдай мен соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдары арқылы құрылады. Ал, өзін-өзі қорғау құрылымдарына ерікті түрде қабылданған Қазақстан азаматтары еріктілер болып саналады. Олардың қатарына мобилизацияға жататын және жатпайтын, бірақ өзін-өзі қорғау құрылымы құрылған сәтте Қарулы Күштер қатарына шақырылмаған азаматтар кіреді. Олар елді мекендерді, аумақтық қорғаныс нысандарын күзету және қорғау, қорғаныс бекіністерін салу, эвакуациялық іс-шараларды өткізу және басқа да міндеттерді орындауға тартылмақ. Еріктілерден құралған кейбір өзін-өзі қорғау құрылымдары жауынгерлік міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің құрамына енгізілуі мүмкін", - дейді ол.
Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Атап айтқанда, аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеттері, Үкіметтің, осы саладағы уәкілетті органның, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентіне бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың құзыреттері нақтыланды.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары заңды екі жаңа баппен толықтыруды ұсынды. Бұл баптарда аумақтық қорғаныс іс-шаралары бекітіліп, Аумақтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және бекіту тәртібі айқындалады. Мемлекеттің Қорғаныс жоспарының құрамдас бөлігі бола отырып, бұл жоспар аумақтық қорғанысты жүзеге асырудағы негізгі құжатқа айналмақ.
"Бұдан бөлек глоссарийге "аумақтық қорғаныс нысаны" ұғымы енгізілді. Мұндай нысандардың тізбесін бекіту құзыреті Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Бұл тізімнің алдын ала бекітілуі Аумақтық қорғаныс жоспарында әскери және мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетуге тартылатын күштер мен құралдарды нақты белгілеу үшін қажет", - дейді депутат.
Аумақтық қорғанысты жоспарлауға құқық қорғау органдары да қатысады. Олар өздеріне тиесілі аумақтық қорғаныс нысандарын күзету және қорғау міндеттерін атқарады.
Сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның тұжырымдамасына сәйкестендіру мақсатымен аумақтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі де белгіленетін болады.