Қостанайда полицей мен студент шалт әрекет етіп, өз-өзіне қол салған ер адамды аман алып қалды

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, перрон аумағында кезекшілік атқарып жүрген Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік қызметкері Арсен Әбілмажинов жаяу жүргіншілер көпірінде ер адамның күмән тудыратын әрекетін байқайды. Ол көпір қоршауынан асып, өмірімен қоштасуға оқталған. Бір сәт те ойланбастан әрекет еткен тәртіп сақшысы көпірге қарай жүгіреді. Сол сәтте сол маңнан өтіп бара жатқан 18 жастағы Аян Карбаев есімді студент те жағдайды байқайды. Полицейдің: "Ұста оны!" деген айғайын ести сала, жас жігіт өз қауіпсіздігін елеместен, батыл қимылмен әлгі азаматты қолынан шап беріп ұстап қалады. Азамат қатты қарсыласқанына қарамастан, оқиға орнына дереу жеткен полицей бар күшін салып, көпірдің қоршауынан асылып тұрған ер адамды қауіпсіз жерге алып шықты. Қатты күйзелісте болған азаматты сабырға шақырған соң, Арсен Әбілмажинов бұл туралы бірден кезекші бөлімге хабар берді.
"Жедел түрде оқиға орнына жеткен тергеу тобы мен Қостанай станциясының желілік полиция бөлімінің басшылығы жағдайдың мән-жайын анықтады. Тексеру нәтижесінде 29 жастағы қала тұрғынының ауыр психологиялық жағдайда болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оған тиісті психологиялық көмек көрсетілуде, әрі оқиғаның барлық аспектілері жіті тексеріліп жатыр. Бұл оқиға — полиция қызметкері Арсен Әбілмажинов пен студент Аян Карбаевтың бірігіп жасаған қайсарлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Арсен Серікұлы 2024 жылғы тамызда ішкі істер органдарына қабылданған екен. Ал Аян Қарбаев Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті болып шықты.