Емдік табиғи өнімдердің саудасы сипатында қаржы пирамидасын құрған елордалық келіншек сотталды

Сотта айыпталушының "Happy Life KZ" ЖШС-нің құрылтайшысы екені анықталды. Ол осы компаниясын пайдалану арқылы 2016 жылы қаржы пирамидасын құрған. Сөйтіп желілік маркетинг түріндегі матрицалық жүйені қолданып, шақырылған жаңа салымшылардың санына байланысты әртүрлі деңгейдегі салымшыларды орналастырған, мұнда белгілі бір деңгейде қатысушылар құрылымға көтеріліп, төменгі деңгейден көтерілгендердің жарналарынан кіріс алып отырған.
"А. заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін "Айсәуле" және "Қазбад" брендтерімен емдік сабын, сұлы сүті қосылған сабын, сүт сабыны, жақпа майды, сусабындарын, бетке арналған маскаларды, сарысулар мен тағамдық қоспалар сияқты нарықтық құны төмен тауарларды пайдалану үшін арнайы стратегияны әзірлеген. 2016-2024 жылдар аралығында пирамиданың қызметі бірқатар "Маркетингтік бағдарламалардың" мұқабасында жарияланып, оның шеңберінде салымшылардан таңдалған бағдарламаға байланысты 7 500 теңгеден 1 600 000 теңгеге дейін өзгермелі кіру жарналарының әртүрлі деңгейі талап етілген", делінген сот хабарламасында.
Соттың дерегінше, қаржы пирамидасының жұмысы салымшылардың салған ақшасының бірінен біріне қайта бөлу арқылы қамтамасыз етіліп отырған. Алайда қаржы пирамидасы қызметін тоқтатқанда соңғы салымшылар өз қаражаттарын ала алмаған.
"2016 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде А. жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асатын азаматтардың ақшалай қаражатын иемдеген, яғни аса ірі мөлшерде, оның ішінде 35 жәбірленушіге жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын материалдық зиян келтірген. Сот тергеуінің қорытындысы бойынша А. қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді", делінген сот хабарламасында.
Сотта сотталушы кінәсін мойындамады, кінәсі жоқтығына байланысты өзін ақтауды сұрады.
Сот А-ға азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен 7 жыл мерзімге айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот жәбірленушілердің азаматтық талап қоюларын қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жетісу облыстық сотында Абзал Шынасылдан Шерзат ісі бойынша жауап алынғанын, ол үш рет Шерзаттың жамбасына пышақ сілтегенін айтқанын хабарлағанбыз.