Бүгін сотта Перизат Қайраттан жауап алынды
Сурет: Instagram/01pk
Астана қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін, 21 шілдеде тараптар бірқатар өтінішхаттар жариялады.
"Сотталушы Қайрат Перизаттан жауап алынды, ал айыпталушы Алашбаева (Қайрат Перизаттың анасы) өз құқықтарын пайдалана отырып, жауап беруден бас тартты", делінген сот хабарламасында.
Қайрат Перизаттың сотта не айтқаны белгісіз, себебі соттың бұл бөлігі жабық режимде өтті. Сәйкесінше, оған БАҚ өкілдері жіберілмеді.
Іс бойынша жарыссөз 2025 жылғы 22 шілде күні сағат 11.00-ге тағайындалды.
Айта кетсек, 2025 жылғы 14 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Ол алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айыпталып отыр.
Бұған дейін іс бойынша тағы бір куәгер Перизат Қайратқа кәсіпкерлер тасқыннан зардап шеккендерге деп берген қаражатты ол қытайлық сөмкелермен тасығанын айтқан болатын.
Сондай-ақ сот отырысында куәгер сотталушының жоғары білім туралы дипломы қалай пайда болғанын айтып берді.
Сондай-ақ Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) өкілі сотта сөз алып, су тасқыны кезінде банк Перизат Қайрат қорына қазақстандықтарға көмек ретінде 300 миллион теңге аударғанын мәлімдеген.
Kaspi Bank-тің "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық қорына 620 млн теңге аударғаны белгілі болды. Ол екі транш арқылы жүргізілген: басында 120 млн теңге, одан кейін қосымша 500 млн теңге бөлінген.
16 шілдедегі сот отырысында НЗМ ата-аналар комитетінің төрағасы оқушылардың ата-аналары су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін 901 мың теңге жинап, оларды Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына тапсырғанын хабарлады. Бірақ қор басшысына қарсы қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болғаннан кейін, ата-аналар ақшаны қайтаруды талап еткен. Олар бұл ақшаны науқас мұғалім еміне жұмсау туралы шешім қабылдапты.
Тағы бір жәбірленуші павлодарлық зейнеткер сотта қорға аударған 1 млн теңгені кері қайтаруды талап етті.
17 шілдеде жәбірленушілердің бірі - Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері Жанерке Сатқанбекова Перизат Қайратпен байланысты қорға 3 миллион теңгеге жуық қаражат аударғанын айтты.
Бұл іс бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов заңдарға өзгерістер енгізуге уәде беріп, пікір білдірді.