Депутат Мәжіліс қабырғасында заңды белден басқан блогерлердің атын атады
Сурет: parlam.kz
Депутат Елнұр Бейсенбаев бүгін, 2025 жылы 24 қыркүйекте Мәжіліс қабырғасында заңды айналып өтуге тырысқан еліміздегі бірқатар танымал блогерлердің атын атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, бүгінде ақшаға келгенде арды аттап кететіндер, байлыққа бұқараны алдап жететіндер аз емес.
"Ойыннан ойын шығарып, оны желіге жүктеп халықты тақырға отырғызуды табыстың көзі қылғандарды ауыздықтау үшін "Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы" Заң жобасы жазылғанын білесіздер. Оған Мәжілістің депутаттары бастамашы болдық. Соның нәтижесінде, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша, өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лоторея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 млн теңге айыппұл салынды", деп Бейсенбаев статистиканы келтірді.
Ол кейбір әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жүргенін айтты.
"Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігуде. Мысалы, оқырмандар саны 3 миллионды құрайтын Дархан Жолшыбеков "darhanzholshybekov" аккуанты арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған. Ал оқырмандары саны 6,9 миллионды құрайтын "supermamasitа" аккаунты арқылы Байтуғаева Әлия бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған. Жалпы оқырмандары 13 миллионды құрайтын "Justking31" және "AminaXO" Instagram аккаунттарының иелері Нұртаза Нұрбек және Амина зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге сомасында қаржы жинаған", - дейді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің отбасылық блогер Жанәбілов пен Төлегенованың ісіне қатысты пікірін жариялаған болатынбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript