Ақмола облысында әріптесін өлтіріп, полицияға өз аяғымен келген ер адамның ісі қаралды
Сурет: Zakon.kz
Алқабилер ер адамды әріптесін өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Сотта 2025 жылғы мамыр айында 22 жастағы У. мен оның әріптесі К. жұмыстан кейін У.-дың автокөлігімен үйге қарай шыққаны, жолда екеуінің арасында жанжал туындап, олар ортажолда тоқтап өзара қарым-қатынасты анықтамақ болғаны анықталды.
"Өзара келіспеушілік барысында К. жерде жатқан белгісіз пышақты алып, оны сермей бастайды, алыс-жұлыс кезінде У. К-ның қолындағы пышақты тартып алып, оның мойын тұсына бірнеше рет соққы жасайды. Одан кейін У. мәйітті орманға апарып, топырақпен көміп тастаған, одан соң көлік жуатын орынға барып автокөлігін жуған. Бір аптадан соң У. өз еркімен полицияға келіп, мәйіттің қайда жасырылғанын көрсетіп, жасаған қылмысын мойындаған", делінген сот хабарламасында.
Жаза тағайындауда сот айыпталушының өз еркімен келіп, кінәсін мойындауын жазаны жеңілдететін жағдай деп ескерді.
Сот үкімімен У-ға 10 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сондай-ақ, К-нің кәмелетке толмаған балаларының пайдасына, әкесіне де 7 млн теңгеден әрқайсысына моральдық зиян, 1,5 млн теңге материалдық шығын мен өкілдік шығыстар өндірілді.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Қызылордада оқушы бала қатарласына пышақ жұмсағанын жазғанбыз.