БҚО-да бір оқушы екіншісіне пышақ сілтеген
Сурет: pixabay
Батыс Қазақстан облысында мектепте болған жанжалдың арты қанды оқиғаға ұласты. 2025 жылы 20 қазанда болған аталған оқиғаға қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық полиция департаменті (ПД) түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қанды оқиға Теректі ауданындағы мектептердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, дау-дамайдан кейін тоғызыншы сынып оқушысы жоғары сынып оқушысына пышақ ала жүгірген.
"Зардап шеккен оқушыға медициналық көмек көрсетілді, оның жағдайы - тұрақты. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілмен бірге білім басқармасының мобильді тобы жұмыс істеуде. Мектеп әкімшілігімен, ата-аналармен және оқушылармен жұмыс жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі, яғни "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Пышақ жұмсаған жасөспірім ұсталды. Материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің төрайымы Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, жанжалдың барлық қатысушыларына облыстық әдістемелік психологиялық орталықтың мамандары психологиялық көмек көрсетеді. Ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары ертеңге жоспарланған.
"Мектептегі психологиялық ахуалға бағалау жүргізіледі. Әкімшіліктің әрекеттері мен әрекетсіздігіне құқықтық және басқарушылық баға беріледі... Мектептердегі тәрбие, қауіпсіздік және жалпы ауан мәселесі үшін жауапкершілік - ортақ, бірақ лауазымды тұлғалар да одан жырақтап қала алмайды". Насымжан Оспанова
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқушылар арасындағы жанжал жеке қарым-қатынас негізінде туындаған.
"Қазіргі уақытта аталған факт бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті – кәмелетке толмаған оқушы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді". БҚО ПД баспасөз қызметі
Полиция аталған оқиғаға қатысы кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылатынын баса атап өтті.
"Материалдар қосымша шаралар қабылдау және осындай құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді жою үшін аудан әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберілді. Қылмыстық істі тергеу барысы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында". БҚО ПД баспасөз қызметі
Жамбыл облысында бір оқушы түнгі аңшылық кезінде сыныптасын атып алғаны белгілі.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript