Астанада қараңғы бұрышта ер адамды соққыға жығып, тонаған бетпердедегі төртеу сотталды
Сурет: Zakon.kz
Олар ҚР ҚК-ның 192-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы қарақшылық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, төрт сотталушы алдын ала өзара сөз байласу арқылы әрекет еткен: рөлдерді бөлісе отырып, адам көзінен таса орынды таңдап, бетперде мен қайырылмалы бас киім киіп, жәбірленушіге шабуыл жасаған. Сот талқысы барысында сотталушылар жәбірленушінің қараңғы уақытта, адам аз жүретін жерде жалғыз жүргенін байқап, қылмыстық ниетті кедергісіз жүзеге асыруға болады деп бағалаған.
Шабуыл кезінде олар жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданып, оның мүлкін тартып алған. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
Прокурор мен жәбірленуші сотталушыларға ҚК 192-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Сотталушылар мен олардың қорғаушылары бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Жазаны тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген істеріне өкінуін, сотталушылардың жас ерекшеліктерін, жағымды мінездемелерін, сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген залалды өз еркімен өтеулерін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасалған қылмыстың ауыр санатқа жататынын, жәбірленушінің орта дәрежелі зиян шеккенін, қылмыстың қоғамдық қауіптілігін, сондай-ақ жеңілдететін мән-жайларды, ауырлататын мән-жайлардың болмауын және жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот әрбір сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жамбыл облысында қызын балағаттаған ер адам сотталып кете жаздағанын жазғанбыз.