Жаңа Конституцияда терминологиялық алшақтықтарды жою керек – Талғат Нәрікбаев

Талғат Нәрікбаев, Астана, Конституциялық реформа, комиссия, терминология , сурет - Zakon.kz жаңалық 24.01.2026 18:39 Сурет: Telegram/consud.kz
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев конституциялық мәтіннің тілдік нұсқалардағы бірізділігі мен нақтылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, университет профессорлары мен отандық ғалымдар қауымдастығы Конституцияның мемлекеттік тілдегі мәтінінде бірізді емес терминология, мағыналық бұрмалаулар мен аудармалар арасындағы терминологиялық сәйкессіздік бар екенін ұзақ жылдар бойы көтеріп келеді.

Бұл құқық қолдану тәжірибесінде ұғымдарды әртүрлі пайымдауға жол ашып, конституциялық нормалардың біркелкі орындалуына кедергі келтіреді.

"Мысалы, қазіргі Конституцияда "заңды" сөзі 16 рет, "құқылы" сөзі 5 рет, "құқығы бар" 27 рет, "құқығы жоқ" 5 рет, "хақысы жоқ" 3 рет қолданылған. Бірақ бір ғана сөз бір ғана мағыналық жүк арқалап тұрған жоқ. "құқылы" термині бірде "в праве" орнына, ал бірде "имеет право" орнына қолданылады. Ал "қызмет" сөзі "должность" мағынасында 31 жерде, "деятельность" мағынасында 37 жерде, "функция" мағынасында 3 жерде, "служба" мағынасында 6 жерде қолданылған", − деп атап өтті Талғат Нәрікбаев.

Комиссия мүшесі айтқан тағы бір мысал − Үкімет мүшелерінің жауапкершілігіне қатысты "персонально отвечает" сөз тіркесі болды. Қазақша Конституцияда бұл бір бапта "дербес жауап береді", тағы бір бапта "жеке-дара жауап береді" деп аударылған.

Сонымен бірге, тұрақты құқықтық конструкция ретінде атау формада берілмеген мысалдар бар. Мәселен: "өмір сүруге құқығы", "ар-ождан бостандығына құқығы". Дұрысы: "өмір сүру құқығы", "ар-ождан бостандығы құқығы" болуы керек.

"Аудармаға байланысты, "общественная нравственность" ұғымы қазақша нұсқасында "қоғамдық имандылық" деп жазылған. Оны "қоғамдық әдеп" деп ауыстыруды ұсынамыз. Бұл түзету мемлекетіміздің зайырлы сипатын нақтылай түседі", деп сөзін толықтырды заңгер.

Спикер Конституциямыздың мәтіндік анықтығы мен бірізділігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, мемлекеттің басқару жүйесінің сапасы мен конституциялық кеңістік тұтастығына әсер ететінін айтуда.

"Сондықтан реформа шеңберінде құқықтық ұғымдарды біріздендіріп, тілдік нұсқалар арасындағы терминологиялық алшақтықтарды жойғанымыз жөн. Бұл Конституция мазмұнын өзгертуді емес, құқықтық дәлдігін күшейтуді білдіреді, Ата Заңымыздың сапасын арттырып, оның нормаларын түсініктірек етеді деп санаймыз", деп сөзін түйіндеді Талғат Нәрікбаев.

Бұған дейін депутат Мұрат Әбенов Конституциялық реформаның маңызды бағыты – шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы болуы тиіс екендігін баса атап өткенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: