Аида Балаева: Конституциялық реформа – ел дамуының әділдік пен заң үстемдігіне негізделген жаңа моделі
Сурет: primeminister.kz
Балаеваның айтуынша, Қазақстан қазіргі кезеңде тарихи жаңғыру сатысына қадам басып, жүргізіліп жатқан реформалар жаңа құқықтық деңгейге көтеріліп отыр.
"Әрине, оның басты әрі баламасыз кепілі – бүгін сіз бен біз саралап, ертең бүкіл ел таңдау жасап, бағасын беретін – жаңа Ата заң. Ел Президенті ерекше атап өткендей, бұл мән-маңызы жағынан да, саяси-құқықтық мазмұны тұрғысынан да жаңа құжат", – деді Аида Балаева.
Бұл ретте жаңа Конституция жобасы – елдің өткен жолын жоққа шығару емес, керісінше, саяси сабақтастықты сақтай отырып, жетістіктерді жаңғырту мен кемшіліктерді түзетуге бағытталған қадам. Реформалардың басты мақсаты – ел тәуелсіздігін нығайтып, әділдікке, заң мен тәртіпке негізделген мемлекет құру.
"Бұл өзгерістердің ең басты лейтмотиві де – ел тәуелсіздігінің тұғырын біржола нығайтып, әлем санасатын саяси ұлттың қолына төлқұжатын беріп, жолын ашу. Бұл терең ой "Біз – Қазақстанның біртұтас халқы" деп басталатын Конституцияның жаңа кіріспесінен-ақ жақсы көрініп тұр", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Конституцияның жаңа нормалары азамат құқықтары мен ұлттық мүдделердің үйлесімін қамтамасыз етуге бағытталады. Заң үстемдігі, әділдік және қоғамдық келісім қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтудың негізгі тірегіне айналмақ.
Сайлау жүйесін жаңарту арқылы саяси партиялардың рөлі күшейіп, саяси бәсеке мен сапалы қоғамдық пікірталасқа жол ашылады. Партиялар азамат пен мемлекет арасындағы нақты диалог алаңына айналуы тиіс.
Аида Балаева Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістер кезекті бір түзетулер емес, азаматтарымыздың мұң-мұқтажын ескеретін, әділдікті ту етіп, заң мен тәртіпке негізделген ел дамуының ұзақ мерзімді тың моделі екенін айтты.
"Жан-жақты талқылаулар мен ұсыныстарды саралай келе, кеше таныстырылған мәтінді Конституцияның жаңа редакциясы деп емес, Конституцияның жаңа жобасы деп қарастыру ұсынысын қолдаймын. Жан-жақты талқылаулар мен ұсыныстарды саралай келе, кеше таныстырылған мәтінді Конституцияның жаңа редакциясы деп емес, Конституцияның жаңа жобасы деп қарастыру ұсынысын қолдаймын", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталған болатын.