Қазақстанда дәрі-дәрмек сапасына бақылау күшейтіледі
Фото: pexels
Аталған түзетулер аясында дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін оңтайландыру қарастырылған. Бұл рәсім біріктірілген мемлекеттік қызмет көрсету форматына көшіріледі.
Соның нәтижесінде дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі екі еседен астам қысқарады: 210 күннен 100 күнге дейін.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне Қазақстан үшін қажет дәрілік заттарды фармацевтикалық компаниялардың өтінімін күтпей-ақ өз бастамасымен тіркеуге өтінім беру өкілеттігі беріледі.
Бұдан бөлек, дәрілік заттарды өндіруде қолданылатын заттар мен субстанциялардың сапасын бақылау тетігі енгізіледі.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында референс-орталықтар құру жөніндегі түзетулер мақұлданды. Бұл орталықтар жоғары технологиялық медициналық көмектің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етіп, диагностика дәлдігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесіне әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталады.