Қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары өзгерді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Енді бөлінетін жыл шеңберінде коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйлердің жалпы көлемінің кемінде 70%-ы мына санаттарға беріледі:
- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне;
- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға;
- жесірлерге (жесір қалған ерлерге);
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналарға, сондай-ақ "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға;
- жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға.
Сонымен қатар коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйлердің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Қағидаларға жаңа норма енгізілді: егер тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар есепте тұрмаса немесе олар толық тұрғын үймен қамтамасыз етілген болса, онда оларға тиесілі үлес осы тармақтың бірінші бөлігіндегі 1)–7) тармақшаларда көрсетілген азаматтар арасында табыс деңгейі мен тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған күніне байланысты бөлінеді.
Коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үйлер Қазақстан азаматтарына және қандастарға беріледі. Олар тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы тиіс және:
- бірыңғай республикалық электрондық базаға немесе "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасына есепке қойылған күні бойынша;
- соңғы 6 айдағы отбасының (немесе азаматтың) әр мүшесіне шаққандағы жиынтық табысы 2 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2026 жылы – 101 702 теңге) аспауы тиіс, немесе табысы болмауы мүмкін (егер отбасы 3 және одан көп адамнан тұрса);
- екі адамнан тұратын отбасы үшін соңғы 6 айдағы әр адамға шаққандағы табыс 3,5 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (177 978,5 теңге) аспауы тиіс;
- жалғыз азамат үшін соңғы 6 айдағы табыс 5,5 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (279 680,5 теңге) аспауы тиіс немесе табысы болмауы мүмкін.
Жиынтық табысқа Қазақстанда алынған табыстар есепке алынады:
- еңбек ақы түріндегі табыс: барлық жалақы түрлері (кесімді, мерзімдік), сыйақылар, үстемеақылар, қосымша төлемдер, ынталандырушы және өтемақы төлемдері;
- кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс.
Қазақстан азаматтары немесе қандастар жалдау шартын жасағаннан кейін отбасының кәмелетке толған мүшелері (бар болса) 2 жұмыс күні ішінде ЭЦҚ арқылы электрондық базаға кіріп, жалдау шартын қол қоюы тиіс.
Егер бұл мерзім бұзылса, онда тұрғын үй кезекте тұрған басқа азаматтарға беріледі.
Жеңілдікті ипотекалық несиелер
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы берілетін жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй несиелерінің кемінде 70%-ы жоғарыда аталған әлеуметтік санаттарға беріледі. Жалпы көлемнің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Егер мұндай балалар есепте тұрмаса немесе толық тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, олардың үлесі басқа санаттағы азаматтарға табыс деңгейі мен кезекке тұрған күніне қарай бөлінеді.
Алғашқы жарна немесе оның бір бөлігі тұрғын үй сертификаты арқылы жабылуы мүмкін.
7% мөлшерлемемен ипотека
Құжатқа сәйкес, жылдық 7% мөлшерлемемен жеңілдікті ипотекалық несиеге қатысушылар:
- Қазақстан азаматтары мен қандастар;
- тұрғын үйге мұқтаж ретінде бірыңғай электрондық базада тіркелген азаматтар;
- еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен отбасылық табысы бар адамдар.
Жаңа шарттар:
- несие мерзімі – 19 жылға дейін (бұрын 20 жылға дейін болған);
- бастапқы жарна – кемінде 10%.
- Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификаты арқылы да төленуі мүмкін.
Тұрғын үй сертификатын алу тәртібі
Мемлекеттік қызметті алу үшін азамат "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы ЭЦҚ-мен куәландырылған өтініш береді және қажетті құжаттарды тіркейді.
Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің:
- жеке басын куәландыратын деректері;
- табысы;
- жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер;
- неке қию немесе ажырасу (2008 жылғы 1 маусымнан кейін);
- өлім туралы мәліметтер (2007 жылғы 13 тамыздан кейін);
- балалардың тууы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін);
- әлеуметтік осал топқа жататынын растайтын мәліметтер
- тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алынады.
Өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын деректерді пайдалануға келісім береді.
Жауапты қызметкер құжаттар түскен күні олардың толықтығын және дұрыстығын тексереді;
2 жұмыс күні ішінде қаржылық қажеттілікті есептеп, порталдағы жеке кабинетке тұрғын үй сертификатын беру туралы шешім немесе дәлелді бас тарту жібереді.
Бұйрық 2026 жылғы 12 наурыздан бастап күшіне енеді.