Алматыда өткен түнгі рейд барысында ондаған жасөспірім полицияға жеткізілді

Полиция, Алматы, түнгі рейд  , сурет - Zakon.kz жаңалық 06.05.2026 18:19 Сурет: pexels
Алматы қаласында түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған профилактикалық рейд өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — заңды өкілдерінсіз түнгі мезгілде үйден тыс жүрген және ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдерді анықтау, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылы 6 мамырда қалалық ПД баспасөз қызметі аталған рейд барысында полиция бөлімшелеріне 47 кәмелетке толмаған жеткізілгенін хабарлады:

"Олардың ішінде өзге өңірлерден келген 10 жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Тексеру кезінде компьютерлік клубтардың қызметіне ерекше назар аударылды. Нәтижесінде үш мекемеде кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз болғаны анықталды. Аталған орындардан барлығы 10 жасөспірім табылса, оның алтауы басқа өңірлерден келген. Анықталған деректер бойынша ойын-сауық орындарының иелеріне қатысты кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол бергені үшін әкімшілік материалдар рәсімделді".

Сонымен қатар, балаларын тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналар мен заңды өкілдер де жауапкершілікке тартылды. Жалпы рейд қорытындысы бойынша 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде:

  • 4 дерек — кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуы бойынша,
  • 34 дерек — жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүруі бойынша тіркелді.

Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

"Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Ата-аналарды балалардың қайда және кіммен жүргеніне жіті назар аударуға шақырамыз", — деді ол.

Бұған дейін елордада полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізгені хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: