Тәртіп сақшылары алаяқтықтың жаңа схемалары пайда болғанын ескертті
Сурет: freepik
Тәртіп сақшылары қазіргі кезде ең көп таралған бірнеше алаяқтық тәсілдерді атады:
Біріншіден, алаяқтар банк шотынан ақша ұрланғалы жатқанын айтып, қаражатты шұғыл түрде "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді. Ол үшін сілтемелер жіберіп немесе арнайы қосымша орнатуды сұрайды.
Екіншіден, "қауіпсіздік жүйесін жаңарту" деген сылтаумен белгісіз бағдарламаларды жүктеуді ұсынады. Мұндай қосымшалар орнатылғаннан кейін алаяқтар банк деректеріне толық қол жеткізе алады.
Кей жағдайларда қаскөйлер өздерін коммуналдық қызмет немесе зейнетақы ұйымдарының қызметкері ретінде таныстырып, төлемдерді қайта есептеу немесе есептегіштерді тексеру сылтауымен SMS-кодтар мен жеке мәліметтерді сұрайды.
Сонымен қатар алаяқтар эмоцияға қысым жасау тәсілін де қолданады. Олар туысыңыз қиын жағдайға тап болғанын айтып, шұғыл ақша аударуды талап етеді.
Бұдан бөлек, қазіргі технологияларды пайдаланып, жақын адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасап, сенімге кіруге тырысады. Мұндай жағдайда ақпаратты міндетті түрде қайта тексеру қажет.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды:
- сабыр сақтап, асығыс шешім қабылдамаңыз;
- банкпен немесе мемлекеттік органдармен тек ресми нөмірлер арқылы байланысыңыз;
- банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, құпиясөздер мен ПИН-кодтарды ешкімге айтпаңыз;
- белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз және күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- күмән туған жағдайда міндетті түрде жақындарыңызбен ақылдасыңыз.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ҰБТ-ға қатысты тарап жатқан жалған ақпаратқа қатысты Ұлттық тестілеу орталығы маңызды мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.