Шу қаласының учаскелік полиция инспекторы пара алды деген күдікпен ұсталды
Сурет: Zakon.kz
HALYQSTAN мәліметінше, полиция қызметкері көлік құралына қажетті құжаттары жоқ мотоцикл жүргізушісін тоқтатқан. Тексеруден кейін учаскелік полиция қызметкері мотоциклді тартып алып, оны қайтару үшін жүргізушіден 200 мың теңге талап еткен.
Ақша полиция қызметкерінің қолына тиіп үлгермеді. Алдын ала деректер бойынша, ұстау операциясын Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері жүргізген.
Аталған жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін өңірлік полиция департаментіне сауал жолданды. Олар өз кезегінде ҰҚКД-дан түсініктеме алу қажеттігін жеткізді.
Орын алған оқиғадан кейін полиция басшылығы бөлімше басшыларына жеке құраммен профилактикалық жұмысты күшейтуді, қызметкерлерге қатысты бақылауды арттыруды және заңдылық пен қызметтік тәртіпті қатаң сақтауды тапсырды.